Гимн – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында жаңа гимн алғаш рет 2006 жылдың қаңтарында қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.