Басты бет«Таза Қазақстан»: Кәсіпорын басшылығы мен ұжымы экологиялық акцияға белсене қатысты

«Таза Қазақстан»: Кәсіпорын басшылығы мен ұжымы экологиялық акцияға белсене қатысты

2026 жылдың 25 сәуірінде елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Кәсіпорнымызда ауқымды қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шара қоршаған ортаны қорғауға үлес қосумен қатар, Кәсіпорын аумағын абаттандыру және ұжымда экологиялық мәдениетті нығайтуды көздеді.

Бұл күні Кәсіпорынның барлық қызметкерлері күнделікті кеңсе жұмысын уақытша жинап қойып, туған қаламыз бен жұмыс орнымыздың тазалығы үшін жұмыла кірісті. Ерекше атап өтерлігі, экологиялық бастамаға Кәсіпорын директоры, оның орынбасарлары және барлық құрылымдық бөлім басшылары қатардағы қызметкерлермен бірге белсенді қатысты.

Басшылық құрамның жеке үлгісі ұжымға ерекше серпін беріп, ортақ іске деген жауапкершілікті арттыра түсті.

Сенбілік барысында атқарылған жұмыстардың ауқымы кең болды. Кәсіпорын аумағындағы қоқыстар толық жиналып, жаяу жүргіншілер жолдары мен демалыс орындары ретке келтірілді. Аумақтағы скамейкалар сырланып, бордюрлар мен ағаш діңдері әктелді. Акцияның ең маңызды бөлігі жасыл желек отырғызу болды. Директор бастаған ұжым мүшелері өз қолдарымен алма, шырша және мамыргүл (сирень) көшеттерін отырғызды.

«Бұл тек тазалық шарасы емес, бұл біздің табиғатқа деген құрметіміз бен келешек ұрпаққа деген аманатымыз. Бүгін егілген әрбір тал ертең Кәсіпорнымыздың сәніне айналып, қала экологиясына оң әсерін тигізеді», – деп атап өтті Кәсіпорын басшылығы.

Сенбілік барысында қатысушылар жоғары ұйымшылдық пен нағыз командалық рух танытты. Атқарылған жұмыстар Кәсіпорын аумағының эстетикалық көрінісін жақсартып қана қоймай, қызметкерлер арасындағы ауызбіршілікті нығайта түсті.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.