Кәсіпорында қызметкерлерді әлеуметтік қолдау және корпоративтік жауапкершілік саясаты шеңберінде дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында 2026 жылы 1-сыныпқа баратын қызметкерлердің балаларына мектепке қажетті оқу құралдарын сатып алуға арналған ақшалай сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді.
Бұл бастама балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау және ата-аналардың мектеп маусымына дайындық шығындарын жеңілдету мақсатын көздейді.
Сонымен қатар, Кәсіпорынның ішкі әлеуметтік бағдарламасы аясында ұжымдағы басқа да қызметкерлеріне көмек көрсетілді. Салтанатты жиында:
- 5 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасыларға;
- Балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған аналар мен әкелерге мектепке қажетті оқу құралдарын сатып алуға сертификаттар берілді.
Кәсіпорын басшылығы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау - мекеменің тұрақты дамуы мен ішкі бірлігінің басты кепілі екенін атап өтті. Салтанатты шара соңында ұжым мүшелеріне амандық, ал мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге жаңа оқу жылында жоғары жетістіктер тіледі.